Білім және ғылым министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық Білім академиясының ұйымдастыруымен "Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас" атты республикалық съезі өткізілді. Іс – шараға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, еліміздің барлық өңірінен келген педагогтер, лингвист-ғалымдар, сонда-ай жоғары оқу орындарының оқытушылары мен рнекторлары қатысты. Съезд Нұр-Сұлтан қаласы Л. Гумилев атындағы ЕҰУ қабырғасында өтті.
Ақмола облысының аудандарынан пән мұғалімдерінен құралған делегаттар қатысты, делегацияны Қаскеева Ләззат Байсеркеқызы бастап барды. Делегация құрамында Ерейментау ауданынан Бөгенбай батыр атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Нұрмұханов Берік Жаббарұлы қатысты.
Съезде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің өзекті мәселелері қозғалды. Оқулыққа қатысты олқылықтар, оқыту теориясы мен әдістемесі туралы мәселелер қозғалды. Мінберден сөйлеген баяндамамашылар осы салаға қатысты маман-ғалымдар, маман-ұйымдастырушылар, маман-авторлар мен маман-әдіскерлер өз ойларын ортаға салды. Мұғалім-практиктердің көзқарастарын тыңдады. Пікірлерін түртіп алып, болашақ оқулықтар мен әдістемелерге және бағдарламаларға кіргізетінін жеткізді. Ұлттық тіл мен әдебиеттің проблемаларын шешудің тиімді жолдары мен жаңа көзқарастары қызу талқыға түсті. Ұлы ойшылымыз Абай Құнанбайұлының "Толық адам" концепциясын іске асыру жолдары және оның оқулыққа енгізілуі сөз болды. Ақмола облысының мұғалімдері де өзге өңірлер сынды өз пікірлері мен көзқарастарын айтты. Жалпы, пәннің барлық мәселелері, кемшіліктері мен жетістіктері, оқулыққа енгізілуі тиіс - грамматика алдағы уақытта қазақ тілі пәнінен негізгі орын алатынымен съезге қатысушыларды қуантты. Президентіміз ұлттық тіл мен әдебиетке ерекше көңіл бөлу керектігін айтып, оны сала министрлігі қарқынды түрде қолға алып, айналысып жатқанымен тағы да көңілге қуаныш ұялатты. А. Байтұрсынұлының "Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады" деген тұжырымымен еліміздің саяси элитасы мектептегі педагогиканың "қара жұмысын" жасап жатқан мамандардың көзқарасымен санасуы - "естуші мемлекеттің" іс жүзіндегі көрінісінің айқын дәлелі. Ана тіліміз бен ұлттық әдебиетіміздің азаттық аңсаған алашшыл әдебиеттің тәуелсіз жаңғыруы десек, артық айтқандық емес. Республиканың шебер ұстаздары мен ой алмасып, тәжірибе алаңында пікір таластыру арқылы - жаңалықтардан құлағдар болып қайттық. Саламыздың министрі Асхат Қанатұлының регламенттен тыс ұйымдастырған сұрақ-жауабы, пән мұғалімінің проблемаларын тыңдауы - асқан көрегендік болды. Қорытынды кезде сұрақтарға жекелей тоқталып, шешуін табу үшін қандай жұмыстар жүргізілетінін тілге тиек етті. Ұйымдастырушы министрлігімізге, Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық Білім академиясына алғысымыз шексіз!